Күштеп исламға шақыруға бола ма?
Күштеп исламға шақыруға бола ма?

Сұрақ: Басқа дін өкілдерін күштеу, зорлау арқылы ислам дініне шақыруға бола ма?

Жауап: Асылында күштеу арқылы дінге кіргізу «амалдар ниеттерге қарай» деген дініміздің қағидасына қайшы. Дін адамдарды мәжбүрлеу яки күштеу арқылы өз қағидасын орнататын жүйе емес. Ол ең әуелі иманды негізге алады. Ал иман – жүрек пен ар тазалығы. Бұған ешқандай мәжбүрлеу өз билігін жүргізе алмайды. Адам баласы бар пейілімен өзі ықылас танытса ғана иман келтіре алады. Осы жағынан келгенде дінде ешқандай мәжбүрлеу жоқ.

Исламдағы негізгі қайнар көздерге көз салсақ, Құран мен сүннеттің зорлыққа, күштеуге не мәжбүрлеуге жол бермейтінін анық көруге болады. «Бақара» сүресінің 256-аятында ашық түрде;

«Дінде зорлық жоқ, туралық азғындықтан айқын бөлінді» делінгені сөзімізге дәлел. Мұхаммед пайғамбарға қарата айтылған аятта «Сенің міндетің тек қана естірту»

(«Әли Имран» сүресі, 20-аят; «Нахыл» сүресі, 82-аят; «Шура» сүресі, 48-аят) делініп, пайғамбарлық міндет халыққа тек ескертіп, насихаттап айту екені көрсетілген.

Тарихқа қарасақ, мұсылмандар өздері азат еткен аймақтардағы өзге дін өкілдеріне тән ғибадатханаларды қиратпаған, қасиетті жәдігерлерін жоймаған. Басқа дін өкілдерінің ғибадатханаларын, христиан шіркеулерін мешітке айналдырмаған. Өзге дін өкілдерінен тек жизия салығын алып, наным-сенім еркіндігін беріп, оларды тиісінше жаудан қорғаған. Соғыс кезінің өзінде дін қызметкерлері, әйел, бала-шаға, бейбіт жандардың өлтірілуіне, ғибадатханалардың қиратылуына, күнкөріс көзі болып отырған егіс алқаптары мен жеміс ағаштарын құртуға рұқсат етпеген.

Бұл туралы халифа Әбу Бәкір сахаба Усама ибн Зәйдке «…өздерін ғибадатқа арнаған қауымдарды кезіктірсеңдер, оларды өз жөндеріне қоя беріңдер» деп айтқан өсиеті дәлел. Қара қылды қақ жарған екінші халиф Омар ибн Хаттаб әл үстінде жатқанда: «Пайғамбар тарапынан қорғалған халыққа (яғни мұсылман емес, өзге дін өкілдеріне) дұрыс көзқараспен қарауды ескертемін. Олармен арадағы келісімге қиянат жасамаңдар. Оларға шектен тыс салық салмаңдар», – дегені бар.

Тағы бірде көшеде қайыр тілеп күнін әрең көріп жүрген өзге діннің қариясын көргенде жанашырлықпен қараған Омар ибн Хаттаб (р.а.) «Жас кезінде жизия салығын төлетіп, қартайғанда мұндай күйге түсірген жөн болмас» деп, мемлекет бюджетінен оған арнайы қаржылай көмек тағайындатқан. Зыммилердің құқын қорғау, дінде күштеуге, қинауға, мәжбүрлеуге жол бермеу әділетті халифтардан кейін де мұсылман басшыларға өсиет етіліп отырған.

Балғабек МЫРЗАЕВ

kazislam.kz

Аскар ИскаковАскар Искаков
4 года назад 2536
0 комментариев
О блоге