Бүгінде желілік маркетинг жайлы мағлұматтар мен жарнама өте көп. Таныстарыңыз сізді де кемінде бір-екі рет осы салада жұмыс істеуге шақырған болар. Біреудің көлік мініп жатқанын немесе пәлендей долларды аптасына табатыны туралы естіп-көріп жатамыз. Алайда бір адам ұтып, жүзі ұтылып жататыны тағы бар. Тengrinews.kz тілшісі заңгер Абзал Құспанмен сұхбаттасып, осы саланың мемлекетке қаншалықты пайда әкелетіні, алаяқтықты ажырату және қаржы пирамидасынан ажырату жолдарын сұрап білді. Заңгер желілік маркетинг жайлы сөз болғанда оған біржақты көзқарас қалыптастырудың қате екенін айтады. Айтуынша, бастысы желілік маркетинг пен қаржы пирамидасының ара-жігін ашып алу.
Басты қауіп неде?
"Желілік маркетинг әлемдік нарықта бар құбылыс, оны жоққа шығаруға болмайды. Оған жақсы не жаман деген баға бере алмаймын. Ал қаржы пирамидасы деген - ол нағыз қылмыс, оған бас ауыртудың қажеті жоқ.
"Артыңнан осыншама алып келіп, мынанша ақша қоссаң - осыншама ақша аласың" дегеннен құрылған алаяқтық әрекет. Осы орайда қаржы пирамидасы мен желілік маркетингті ажырата білу қажет. Желілік маркетингте сатылатын нақты бір заттары болады. Кез келген кәсіп белгілі бір тәуекелге құрылады", - деген ол желілік маркетингте тәуекел тым жоғары екенін айтады.
"Неге жоғары? Осы салада жүрген көбісін қарасаңыздар дәрі-дәрмек, шөп, дәрумен сатады. Олардың жарнамасында "мың бір ауруға ем" деп сатып жатады. "Еш кемшілігі жоқ, дәрігердің араласуынсыз ауруыңыздан құлан-таза айығып шығарады" деп жарнамалайды. Осыны айтып отырған адамдардың өзі өнімдерінің нақты табиғатын білмейді. Мысалы, әлемге танымал Coca Cola брендінің құрамын біз әлі күнге дейін білмейміз. Ең басты қауіп мынада - сіз мысалы алған дәрі-дәрмегіңіз, шөбіңіздің еш пайдасы болмағанын білгенде желілік маркетинг өкілін сотқа бере алмайсыз. Себебі, олардың ешқайсысы Қазақстанда тіркеуде жоқ. Басты тәуекел осыған келіп тіркеледі", - дейді Абзал Құспан.
Қаржы пирамидасының негізгі белгілері:
Нақты экономикалық операциялардың жоқтығы;
Құнды активтер мен жеке қаражаттың жоқтығы;
Компанияның қаржы қаулысының ашықтығы күмәнді;
Табыстың тым жоғары болатыны жайлы уәде;
Жаңа қатысушыларға өзге қатысушылардың қаражаты беру;
Мемлекеттік тіркеуінің жоқтығы;
Компанияның нақты қандай қызметпен айналысатыны анық емес;
Компания банкротқа ұшыраған жағдайда салымшылардың еш кепілдігі жоқ;
Жарнама кампаниясының тым шектен асуы;
"Шеттен келетін өнімдер тіркеуден өтуі керек"
Заңгер желілік маркетингпен айналысудың алдында мынадай белгілері бойынша тексеріп алу керектігін айтады: "Желілік кәсіп әділ жұмыс істейтін болса - Қазақстанда өз өкілдігін ашып, осында қоймаларын ашып, заңды түрде жұмыс жасап жатса ғана сенуге болады. Олар бүркемелеуге, қашуға шетелде тіркеліп, Қазақстанда өкілдігін ашуға мүдделі емес, себебі, оның түбі шикі, екіншіден, ақша бақылаусыз кетіп жатыр (мемлекетке тиімсіз). Мемлекет оның нақты есебін жүргізе алмайды, қандай тауардың қанша көлемде сатылып жатқанынан, табысы қанша екенінен бейхабар. Әр өнімнің өзіндік құны болады. Оны есептей алмайды", - дейді маман.
Оның айтуынша, ақшаның барлығы шетелде ашылған бас кеңседе отырғандардың қалтасына кетіп жатыр. Ал бұл мемлекетке мүлдем тиімсіз.
"Конституцияда жазылған бірінші дүние - адам және өның өмірі, денсаулығы. Осы желілік маркетингпен айналысатын мамандардың алып келген өнімі адам денсаулығына шын мәнінде пайдасын тигізе ме, әлде зияны болуы мүмкін бе деген сұрақты мемлекет өзіне қоюы керек және бақылау мен тексеруді күшейтуі қажет. Шетелден келетін кез келген өнімнің лабораториялық тексеруден өтуін міндеттеу қажет", - дейді ол.
Круиздік маркетинг те алаяқтық па?
Сонымен қатар, маман желілік маркетинг пен қаржы пирамидасының қосындысынан шығатын аралас ұйымдардың пайда болғанын айтады.
"Бүгінде дамып жатқан круиздік маркетингті зерттеп көргенім жоқ, бірақ менің ойымша, мұнда қаржы пирамидасының белгілері бар. Аралас. Олар қыдырып (демалыс) қайту қызметін ұсынады. Бірақ, қаржы пирамидасына жақынырақ. Өйткені, 100 адам ақша салса, барлығы да бара алмайтыны түсінікті, оның тек біреуі барады. Бұл жалпы алғанда, мүмкін 20 немесе 30 адамның біреуі барар. Өз ақшаңа өз бидайыңды қуырып береді. Қаржы пирамидасына заң жүзінде тыйым салынып қойған, бұл - алаяқтық. Желілік кәсіптің тәуекелі жоғары, оның ішінде де алаяқтық деректері кездесіп жатады. Бәріне бірдей баға бере алмаймыз", - дейді заңгер.
Адвокат елімізде алаяқтық жолмен ақша тапқысы келетін ұйымдардың алдын алу шаралары қалай жүргізілетіні жайлы айтып берді. "Мұндай ұйымдарға (ақша салуға) әдетте сауатсыз, көп жұмыс жасай алмайтын, "жеңілдің астымен ауырдың үстімен" жүргісі келетіндер барады. Көрінеу жалған келісімшарттар ішкі істер органдарына барып жатпайды, тіпті, арыздың өзі азайып кетті. Неге десеңіз, ішкі істер органдары арызды қабылдамайды, себебі, олар "келісімшартты сот арқылы жарамсыз етіп танып" қайтарып жібереді (ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің . Қылмыстық жолмен жасалған, алдау үшін жасалған келісімшарт екенін дәлелде дейді. Содан кейін ғана қабылдаймыз деген талап қойып жатыр. Бұл мүлде қарама-қайшы, Қылмыстық-процестік кодекстің принциптеріне қайшы келетін норма", - дейді адвокат.
Алданып қалған адамдар не істей алады?
"Келісімшарт негізінде жасалатын болса, алаяқтықпен адамдарды алдау оңай, яғни мына қазіргі ҚПК алаяқтыққа мүмкіндік беріп отырған Қылмыстық-процестік кодексі деп айтар едім. Қазіргі заң бойынша, алаяқтық жолмен адамдарды алдап, заңды білген жағдайда жазасыз қалуға мүмкіндігі зор. Алданып қалған адам соңына дейін жүгіретін болса, ол заң бойынша қандай да бір жеңіске жетеді, алайда ақшасын қайтарып алу мүмкін емес, себебі ол қаражат шетелге шығып кеткен. Соған қарамастан алаяқтық жасаған адамды соттатуға болады", - деп түсіндірді Абзал Құспан.
Айта кетейік, таяуда Жетінші арнадағы "Өз ойым" бағдарламасында "Қаржы пирамидасы" тақырыбы талқыланып, онда алаяқтарға алданғандар өз оқиғасын айтып берген еді. Студияға келген мамандар бұл алаяқтық түрінен сақтанудың түрлі шараларын баяндаған болатын.
Айдос Косубаев