Илхам – шариғи дәлел бола ала ма?
Илхам – шариғи дәлел бола ала ма?

Сұрақ: Илхам – шариғи дәлел бола ала ма?

Жауап: «Илхам» (шабыт) араб тілінде «ішу», «іштіру», «бірден қотара жұту» мағынасын білдіреді. Шариғи анықтамасына келер болсақ, «илхам» деп – «Алланың тікелей немесе періштелер арқылы қайыр мен ихсанды адам жүрегіне, көңіл қойнауына жолдауын» айтамыз. Яғни, ізгі мәліметті Алланың жар болуымен (рахымымен) оқып білмей қанығуы – илхам болып есептеледі. Діни әдебиеттерде кейде «илхамның» орнына «хауатир» (жүрекке құйылған илаһи ілім), «парасат» (зеректік), «тажалли (илаһи шағылыс), «кашиф» (сырлардың ашылуы), «хадс» (мәліметтің дәнекерсіз білінуі), уарид» (жүрекке тосыннан келген хабар) секілді терминдер қолданылады. Бірақ, діни әдебиеттерде бұл терминдердің әрқайсын қолданудың өзіндік орны мен реті бар. Мұндай илаһи хабарларды көбінде «илхам» деп атайды. Оған түс, аян, шабыттануды жатқызамыз. Кәлам  ілімінде илхам діни дәлелге жатпайды. Мысалы, Омар ән-Насафидің көзқарасынша шабытанумен келген илаһи хабарлар үмбет үшін обективті ақиқат емес. Ол бұл жөнінде: «әһлі сүннеттің көзқарасы бойынша шабыт (илхам) бір нәрсенің дұрыс екенін білуге жеткілікті себеп пен құрал бола алмайды» (Ақайд-Насафи) – дейді. Шынтуайтында, түс, шабыт және сырлардың ашылуы (кашиф) секілді рухани құбылыстар – бар және болатын нәрселер. Алайда бұлардың қайсысының ақиқат, қайсысының қате екенін ажырату өте қиын. Сол себептен де түс, шабыт және ашылу діни дәлел бола алмайды. Бұларға сүйеніп бір үкім шығарылмайды. Бұларды көрген адам басқаларды сол жолмен алған біліміне шақыра алмайды. Себебі, шабыт жалпылама сипатқа ие және ол нақты бір білім құралына жатпайды. Алайда көрген нәрселері исламның өлшемдеріне қайшы келмесе көрген адамның өзі сол бойынша әрекет жасай алады. Бұлай әрекет жасағандар исламның мүбаһ қылған шеңберінен шыққан болып саналмайды. Мұндай шабыттар сол адам үшін ғылымның бір жолы ретінде дәлел болғанмен, басқалар үшін шариғи дәлел бола алмайды. Фиқһ ілімінде де илхам негізгі дәлелдердің қатарына жатпайды. Исламдық үкімдердің қайнар-көзі туралы жазылған «Әдиллә-и шария» деп аталатын кітапта шариғи негізгі дәлелдер – Құран, сүннет, ижма және қияс деп көрсетілген. Бұлар фиқһтағы негізгі төрт дәлел деп аталады. Мәзһабтардың бұлардан басқа қолданатын және мәзһабтарды бір-бірінен ажырататын – истихсан, сахаба қаули, урф, истислах, истисхаб, сәдди-зәрайғ, шариғаттан бұрынғы шариғаттар деген қосымша қайнар-көздер бар. Алайда ешқандай мәзһабта шабыт бекітілген дәлел ретінде қабылданбаған. Десе де, шынайы түс пен илхамның (шабыт) салих құлдарға берген Алланың бір сыйы екенін де естен шығармауымыз қажет. Себебі, Алла Елшісінің (с.ғ.с) өзі де илхамды мойындап: «Сізден бұрынғы үмбеттердің ішінде илхам берілген тұлғалар болған. Егер, менің үмбетімнің ішінде ондай адам шағатын болса, ол адам – Омар (р.а) болады» (Бұқари, Әнбия, 54) – деп айтқан. Демек, жүрегі көзі ашылған адамдар үшін илхам ақиқат, бірақ ол көпшілік үшін шариғи дәлел емес.

Мұхан ИСАХАН

 kazislam.kz 

Аскар ИскаковАскар Искаков
5 лет назад 2333
0 комментариев
О блоге