Терлей бересізбе?
Терлей бересізбе?

Егер сізден тер бөлініп отырса немесе қалыпты түрде терлеп отырсаңыз, қорықпаңыз, себебі, тер- адам терісінде жүзеге асатын маңызды функция. Адам ағзасындағы артық сұйықтық тер болғандықтан, оның сыртқа шығуы – заңдылық. Алайда, денеміздің көзге көрінер жерлерінен тердің тым көп мөлшерде бөлінуі ыңғайсыздық тудырып жататыны бар. Тершең адамның бойынан тәулігіне 3 литрден 14 литрге дейін тер бөлініп шығуы мүмкін. Артық тердің шығуы жайсыздық қана емес, денсаулықта бір ақаудың бар екенін білдіреді.

Адам бойынан дене еңбегі кезінде және тағам қабылдаған кезде тер шығуы мүмкін. Психогендік тер адам қуанғанда немесе мұңайып, жылағанда, уайымға салынғанда шығады. Мұндай сәттерде көбнесе алақан мен табан терлеуі мүмкін. Дене еңбегі кезінде, жаттығу жасағанда, спорт залдарында жаттығушының арқасы мен шаш арасы терлейді.Ал тағам қабылдағанда, адамның ыстық тамақты қабылдауынан маңдайынан бұрқырап шығады. Алкоголь қабылдаған кезде де қызу адам көп мөлшерде терлейді.

Қалыпты мөлшерде тердің шығуы — ағза үшін пайдалы. Өйткені ол зат алмасу процессі болып табылады. Тер бүйректегі артық сұйықтықты сыртқа шығарып, тазартады. Тердің құрамы 99 пайыз судан, 1 пайыз органикалық (кератин, аминқышқылдар,сүт қышқылдары) немесе органикалық емес (май, кальций, натрий, темір, цинк) заттардан тұрады.

Тершеңдік жүйке жүйесі зақымданған адамдарда жиі кездеседі. Олар эмоцияға берілгіш келгеннен кейін ағза әр эмоциялық толғанысы кезінде терді шығарып отырады. Бұған бей-жай қараған жақсы емес. Емханаларда тершеңдікті аурудың алғашқы белгісі санап, дәрігердің көмегіне жүгінетіндер аз емес. Тершеңдік қант диабеті, инфекциялық ауру, семіздік, жүрек-қантамыр ауруларының ең алғашқы белгілері болып саналуы мүмкін.

Қолтықтың терлеуі

Көп адам гипергидроздың (тершеңдік) қолтық және табанда болуынан зардап шегіп жатады. Себебі, терлеген қолтық жағымсыз иіс шығарады. Қолтықтың терлеуіне көп жағдайда тар және синтетикалық киім себеп болады. Әрі бұл терлеу жыныс талғамайды. Әсіресе бозбала мен бойжеткен шақта жиі кездеседі. Балаларда байқалмайды. Қолтықтың терлеуі тұқым қуалаушылықтан да болады.

Не істеу керек?

Терлегеніңізді сезінсеңіз, душ қабылдауыңыз керек. Косметикалық дүкендерде сатылатын қолтыққа арналған дезодарантты 12 сағатта бір сеуіп отыруды ұмытпаңыз. Және әр кеште қолтықты жуғаннан кейін, 1шай қасық ас содасы мен 1шай қасық тұзды 200мл суда ерітіп, мақтамен қолтықты сүрту керек. Бұл қолтық гипергидрозын азайтады.

Алақан мен табанның терлеуі

Алақан мен табанның терлеуін акрогидроз деп атайды. Жүйке және жүрек ауруына шалдыққан немесе араққа құмар жандардың алақанымен табаны жиі терлейді. Эмоциясын іште сақтай алмайтын жандардың алақандары терлегіш келеді.Сапасы нашар, аяққа тар аяқ киімдер де аяқты терлетіп, жағымсыз иістің шығуына себепші болады.

Не істеу керек?

Терлегеніңіз сезілсе, алақан арасын ашып отыруыңыз керек. Дұрысы – қолды сабынмен жиі жуу. Аяқ киім таңдауда оны сапасы мен аяққа сыйымдылығын басты назарда ұстау қажет.

Тершеңдікті емдеу

Тершеңдіктен зардап шеккендерді емдеу ұзақ процесс, әрі одан құлан-таза айығып кету мүмкін емес. Бастысы, себебін анықтап, гипергидрозды жоюға күш салу керек. Дәріханалар мен косметикалық дүкендерде бұған түрлі өнімдер бар. Алайда оның бәрінің әсері қағазында жазылғандай емес. Тершеңдікті басу үшін құрамында валериан, бромид, Бехтерев микстурасы бар препараттар ұсынылады. Шатыраш (шалфей) тұнбасымен жуыну да тершеңдіктен құтылуға көмектеседі. Гипергидрозы асқынған адамдар арнайы терапиялық процедуралар арқылы оны бәсеңдетуге тырысу керек.

Дезодоранттар — парфюмериялық өндірісте кең шығарылатын өнім. Ол тершеңдіктен емес, жағымсыз иістен құтылуға көмек береді. Ал тер бөлінуді азайту үшін антиперспирантты пайдаланған жөн. Құрамында формальдегиді бар арнайы дәрі-дәрмектің де көмегі тиіп қалады.

Жеке бастың гигиенасын сақтап, спортпен шұғылдану, салауатты өмір салтын ұстау – ең тиімді, бар аурудың алдын алатын әдіс.

Аскар ИскаковАскар Искаков
7 жыл бұрын 4180
0 пікір
Блог туралы