ҚЫЛУЕТ - НӘПСІ ТӘРБИЕСІНІҢ БІР ТӘСІЛІ
ҚЫЛУЕТ - НӘПСІ ТӘРБИЕСІНІҢ БІР ТӘСІЛІ

«Қылует» — жалғыз, оңашаланып өмір сүруге ұмтылу деген мағына береді. Мұнда негізінен ғұрыпты құлшылықтың біріне жататын «зікір» ғибадаты орындалатын болған.

Қожа Ахмет Ясауи пайғамбар жасы 63-ке толғанда қылуетті арнайы салдырып, қалған өмірін осы жерде өткізгендігі зерттеушілердің еңбектерінде кездеседі. Сонымен қатар, мұнда көптеген шәкірттерін тәрбиелеп, "Диуани хикмет", "Мират-ул-қулуб", "Пақырнама" және тағы басқа көптеген еңбектерін жазып қалдырады. Жер асты үйінің жалпы саны 18 бөлмеден тұрады. Қазіргі қалпына келтірілген жер асты мешітінде үш есік бар. Құрылысты салу барысында діни әдет ғұрыптарды орындауға қажетті және адам өмір сүруі үшін барлық жағдай қарастырылған. Мұнда Жамағатхана, Мешіт, шаруашылық қызметіне арналған, ыстық су дайындайтын, жуынатын, дәрет алатын және асхана бөлмелері толық қарастырылған. Бұдан бөлек, мұнда Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың төрт метр жер астында орналасқан «Ғар» бөлмесі түпнұсқа күйінде сақталған. Бір адамға арналып салынған бұл бөлменің қабырғалары және күмбезі төрт бұрыштанып, күйдірілген кірпіштен қаланып «Балхы» тәсілі бойынша жабылған. Қылуеттің ең үлкен бөлмесі болып Жамағатхана саналады және осы бөлмеде ғана терезе орнатылған. Сонымен қатар, Жамағатханада қылуеттің күмбезі орнатылған. Жер асты құрылысының төбесі ішкі жағынан ағаштан тұрғызылып, шатыры темірмен қапталған. Шатырын ұстап тұру үшін арнайы бағандар қойылған. Барлық бөлмелерде шам қоюға арналған ойықтар кездеседі. Биіктігі ішкі жағынан 4,8 метр, ұзындығы 20,9 метр, ені 14,7 метр, бағана биіктігі 3,8 метр, жалпы күмбезбен қоса есептегенде биіктігі 6,4 метр. Ұлы отан соғысы жылдары құрылыс бұзылып, кірпіштері май зауытын салуға жұмсалған. 1972-1973 жж. Т.Н.Сенигова, 1979 жылы Е.А.Смағұлов жүргізген археологиялық зертеу жұмыстары нәтижесінде ХV-ХVІғғ. тән «Қылуеттің» орны анықталып, сәулетші ғалым А.Л.Шмидтің 1942ж. жасаған макеті бойынша қайта қалпына келтірілді. Зерттеу және қалпына келтіру барысында қылуеттің құрылысы бірнеше кезеңнен тұратындығы анықталды. 1994 жылғы «Қазақстанның тарихи-мәдени ескерткіштер шежіресінің» Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша жинағына №590.11 санды нөмірімен енгізіліп мемлекет қарауына алынған.

«Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің қызметкері Ардақ Бейсенованың айтуынша, қалыпты (жүректі) бұрыс,  сенімдерден, жаман әдеттерден арылтуды, құтқаратын - «Қылует» дейді. Қылует кезінде нәпсіге, шайтанға тиесілі ләззаттар, қалаулар, ниеттер жанып жоқ болады. Адамзатқа тән қараңғылық және басқа да қайғы-мұң жойылады, ішкі рухани дүниесі нұрланып тазарады және тағы да осы сияқты көп нәрселерге қол жеткізеді дейді түрік зерттеушісі М.Ф.Көпрүлу.

Қылуеттің бір бөлмесі – Худжра. “Худжра” бөлмесі – шәкірттерге арналған бөлме. Худжраның пайдалары:

1.Уақытылы  жасайды

2. Уақытымен дәріс өтіледі

3. Дүниелік істерге алаңдамайды

4. Уақытты үнемді пайдаланады

5. Келіп-кетіп уақытын құртпайды

6. Есте сақтау қабілетті жақсартады

7. Тақуалықты арттырады

8. Алған білім сіңімді болады.

Ұстазымыз ҚМДБ ның наиб мүфтиі Сансызбай Құрбанұлының бір насихатында:  «Құран жаттаушы адам хужрада болғаны дұрыс. Себебі дүниелік істер мен харам істерден аулақ болған кезде ілім сіңімді болады», - деген. 

«Төле би» мешітінің ұстазы

Көптілеуов Бауыржан

 
ДЕРЕККӨЗІ Azan.kz 

Ислам ақпараттық-ағарту порталы 

Аскар ИскаковАскар Искаков
8 ай бұрын 1157
0 пікір
Блог туралы