АСТАНА. ҚазАқпарат - Өкініштісі, жылдар бойы монитордың алдында көп уақыт өткізіп, көз жанарымызды сақтау мүмкін емес. Көздің бір нүктеге үзіліссіз қарап отыруы денсаулыққа үлкен зиян. Табиғатымыз мұндай нәрсеге қарсы, деп жазады confederation.kz.
Жұмыс орнын дұрыс ұйымдастырыңыз
Ең бірінші және өте маңызды кеңес. Компьютерге дұрыс отыруды ойлайтын адам аз. Еш заңдылықты сақтамай отыра салып, кейін арқа немесе мойын ауырғанда басқа жаққа бұрылып, осылайша, экранға одан әрі жақындай түскенімізді байқамай қалатынымыз бар.
1. Монитор: монитор әдеттегіден сәл алшақ орналасуы қажет. Монитордың жоғарғы шеті көзбен бір деңгейде немесе сәл төменірек орналасуы қажет.
2. Жарық беру: экран неғұрлым жарық болса, бөлме де соғұрлым сәулелі болуы қажет. Көз аса қатты жарыққа қарауға қабілетсіз. Сондықтан, жарық экран мен қараңғы бөлменің шағылысуы көз бұлшық еттерін шаршатады. Сол себепті, монитордан түсетін жарық пен бөлмедегі жарықтың бір-біріне үйлесуін қадағалаңыз.
3. Өзге дақ-нүктелердің болмауы: сіздің мониторыңызда кез келген жарық көзі болмауы тиіс.
4. Таза экран: экрандағы сұлбаның сапасы мейілінше жоғары болса, көздің шаршауы да төмен болады. Қазіргі кезде мониторлардың сапасы өте жақсы. Алайда, барлығы да шаңды тез жинайды да, қанықтығын жоғалтады. Сондықтан, әр күн сайын экранды салфеткамен сүртіп тұрыңыз. Экранды бүлдіріп аламын деп қорықпаңыз, өйткені, денсаулық маңыздырақ!
5. Дененің дұрыс орналасуы: орындық немесе креслоға тік отырыңыз. Отырысыңыз өзіңізге ыңғайлы болуы керек. Әйтпесе, сіз экранға қарай еңкейе бересіз, ал бұл көзге түсетін ауыртпалықты одан әрі көбейтеді. Егер сіз компьютермен жұмыс кезінде қандай да бір қағаз құжаттарды қарайтын болсаңыз, онда құжаттарыңызды жаныңыздағы қандай да бір тіреуішке қойыңыз. Бұл жағдайда сіз қайта-қайта ақпарат алу үшін қағазға үңіліп, көздің қызметін ауырлата түспейсіз. Мойныңыз да ауырып қалмайды.
Әрбір 45 минут сайын үзіліс
Бұл жақсы кеңес. Алайда, компьютерге отырған соң, уақытты тексеріп жататын кім бар?! Статистикаға сенсек, компьютерге отыратын адамдардың 90 пайызы жұмыс уақытының қашан бітетінін анықтау үшін немесе ұйықтайтын уақыт болған-болмағанын білу үшін ғана сағатқа қарайды екен. Компьютерге бір отырған соң, уақытты бағамдап отыру қиын. Сол себепті, 45 минут сайын үзіліс жасауды қолға алыңыз.
Көзге арналған жаттығу
Егер тек бір бағытқа қарап жұмыс істесеңіз, көздің бұлшық еттері шаршайды. Сол себепті, көзіңізді жұмыс, жарықты өткізбеу үшін алақаныңызбен жабыңыз. Көзді босаңсытып, қимылдатпаңыз. Осы аралықта, жұлдызды аспанды немесе қандай да сурет картинасын көз алдыңызға елестетіп, жақсы эмоцияға бөленіңіз. Тіпті, шексіз қараңғылыққа қарау арқылы да, бұл жаттығуды жасауға болады. 2-3 минут өткен соң, көзіңізді ашыңыз. Сөз жоқ, жанарыңыздың демалып қалғанын сезінесіз.
Терезе алдына келіңіз де, көзді фокустандыруға арналған жаттығуға көңіл бөліңіз. Терезенің әйнегіне диаметрі 3-5 мм болатын белгіні жапсырып қойыңыз да, осы белгілен 30 сантиметрдей алшақ тұрыңыз. Көзіңізді сол белгіге салып, кейін дереу терезе сыртындағы бір заттарға бұрылыңыз (бағана, жарнама, ағаш т.б). Әрбір фокустандыру кезінде 2-3 секундқа аялдаңыз. Егер көзіңізге қатты күш тасып жатса, фокустандыруды азырақ орындауға болады. Бірақ, бір жаттығу кезінде 30 рет осы әдісті қайталасаңыз, нұр үстіне нұр болары сөзсіз. Осыдан соң, бірнеше минут бойы кез келген басқа заттарға назар аударыңыз. Бұл кезде басыңызды қозғамай, тек көзбен ғана қараған жөн.
Бұл жаттығу тек көзге ғана емес, үнемі орындыққа отырудың салдарынан көп қозғалысқа түспейтін бесінші нүктенің де қимылдауына әкеледі.
Көзге арналған тамшылар
Көзінде құрғақтық, «құм» және «қиқым» байқалатын адамдарға арналған кеңес. Мониторға көп қараудың салдарынан, көздегі жас сұйықтық құрғап кеткенде тамшыларға бет бұрған дұрыс.
Егер көзіңізде құрғақтық байқалса, алдымен көзді көп жыпылықтатыңыз. Егер бұл көмектеспесе, дәріханадан көзге арналған тамшылар сатып алыңыз да, көзге тамызыңыз. Егер тамшыны пайдаланған соң, асқыну немесе басқа да белгілер пайда болса, офтальмологтан кеңес алыңыз.