Хафиздардың сарқыты – Қадыр қары
Хафиздардың сарқыты – Қадыр қары

Жас күнімізде Түркістандағы «Хилует» мешітінде Рамазандағы тарауих намазын Ауғанстаннан көшіп келген жас қари қандасымыз оқытатын. Ай бойы бірнеше рет Құран кәрімді хатым қылатын. Ол кезде қари қандасымыздың бозбала шағы, кейде шаршағаннан болар сүрелерді оқып тұрып аздап мүдіретін. Алдыңғы сапта тұрған орта бойлы қария жалма-жан қатесін түзеп жіберуші еді. Құран кәрімнің қай жерінен сүрінсе, сол жерден дереу жалғап жіберетін. Тарауихта тұрған дүйім жұрт алдыңғы саптағы қари ақсақалдың зеректігіне таңдай қағысатын. Ол қария – Қадыр қары ибн Сыздық әт-Түркістани болатын.

«Шырақшылар әулетінен» шыққан дін шырақшысы

Қадыр қары 1912 жылы Түркістан қаласында діни отбасында дүниеге келген. Оның отбасы Әзірет Сұлтанда діни қызмет жасаған «шырақшылар» әулетінен еді. «Шырақшылар» әулеті Қожа Ахмет Ясауимен бірге ертеректе Сайрамнан Түркістанға көшіп келген. Алайда, бұл әулет әуелі Қожа Ахмет Ясауидің тариқатын ұстанғанымен, кейінгі дәуірлерде Нахшбанди сопылық мектебіне бет бұрады. Десе де, Қадыр қарының әкесі Сыддық пен атасы Сайыптың «хафиз» атағы бар еді. Әсілі, діни әдебиеттерде «хафиз» деп Құран жаттаған кісіні айтады. Бірақ, Орталық Азияда Қожа Ахмет Ясауидің «Диуани хикметін» жатқа айтқан адамды да «хафиз» деп атайды. Жұрт оларды «Ясауи тариқатының хафиздары» деп атайтын. Яғни, Қадыр қарының ата-тегінің рухани силсиласы Құл Қожа Ахмет Ясауимен астасып-қойындасып жатқан-ды.

Қадыр қары 12 жасынан бастап Түркістандағы Тоқта қалпенің мересесінде білім алады. Осында жүріп Құран кәрімді жаттап шығып, «қари» атағына ие болады. Тоқта қалпенің медресесінде оқып жүріп араб тілі, парсы тілі, ескі шағатай тілін меңгереді. Атақты Нахшбанди тариқатының Хусайния-Мужададдия қолының пірі Абд ал-вахид Мамадшукуровке қол тапсырып, оның батасын алады.

Алайда, Кеңес үкіметінің 1930-жылдары дін ұстаушыларға қысым көрсетуі, Қадыр қарыны басқа салада қызмет жасауға итермелейді. Ол Жамбыл қаласындағы ветеренария курсында оқып, мал дәрігері мамандығын игереді. Оқуын аяқтап келген соң Түркістан қаласындағы кеңшарларда алған мамандығы бойынша бірнеше жыл жұмыс істейді.

Қадыр қары Түркістан қаласында жұмыс істеп жүрген жерінен 1938 жылы Кеңес үкіметінің әскер қатарына шақырылады. Іле-шала ІІ Дүниежүзілік соғыс басталып, ол әскер қатарында жүрген жерінен майданға аттанады. Алайда, соғыста жарақат алуына байланысты 1942 жылы елге оралады. Елге келген соң колхозда бригадир болып жұмыс істейді. Осы жылдары Түркістанда мешіт имамы Сыздық қары Фахруддиновтен жасырын діни сабақ ала бастайды. Құран кәрімді қайталап оқып, қари мәртебесіне дақ түсірмеуге тырысады.

Соғыстан кейінгі жылдары Түркістан халқы Мәскеуге арызданып жүріп, қаладан намаз оқитын мешіт аштырған болатын. Қадыр қары 1956 жылы колхоздағы жұмысын қойып, Түркістандағы «Хилует» мешіті имамының көмекшісі қызметін атқаруға кіріседі. Осы жылдан бастап ол біржолата діни өмірге бет бұрады. Қырық жылдан астам уақыт Түркістан қаласындағы «Хилует» мешітінде діни қызмет атақарады.

Мұрағаттық құжаттарда 1986 жылы «Хилует» мешітінің «жиырмалық кеңесінің» Қадыр қарыны бас имамдыққа ұсынып, САДУМ-ның Қазақстан қазиятын басқаратын Рәтбек қажы Нысанбайұлының оны бас имам қызметіне тағайындағаны көрсетілген. Қадыр қары имамдық қызметпен бірге Түркістанның қоғамдық мәселелеріне де белсене атсалысады. Мысалы, ол 1988 жылы бір кездері (1936 жылы) Леннинградтағы Эрмитаждағы көрмеге әкетілген Тайқазанды қайтару жұмысына араласып, қасиетті мұраның туған елге оралуына еңбек сіңіреді.

Қадыр қары 1990 жылы Сауд Арабия корольінің қонағы ретінде Меккеге сапар шегіп, қажылық парызын өтейді. Қазақстан мұсылмандары 1990 жылы САДУМ-нан бөлініп, өз алдына ҚМДБ-ны құрғанда, ол еліміздегі Құран кәрімді жатқа білетін санаулы қарилердің бірі еді. Қадыр қары ҚМДБ төрағасы Рәтбек қажы Нысанбайұлының ұсынысымен Рамазан айында бірнеше жыл Алматы қаласы Орталық мешітінде Құран кәрімді хатым қылады. Түркістан қаласына 1993 жылы Өзбекстан Республикасының президенті Ислам Каримов, Қырғызстан Республикасының президенті Асқар Ақаев, Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаев зиярат жасап келгенінде, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде Қадыр қары қарсы алып, Құран оқу мәртебесіне ие болады.

Қадыр қары араб тілі, парсы тілі және көне шағатай тілін білгендіктен, «Фиқһ кайдани» және Қожа Ахмет Ясауидің «Диуани хикмет» пен «Пақырнама» атты еңбектерін қазақ тіліне тәржімалап, басып шығарады. Жергілікті баспасөзде дінге қатысты мақалалар жариялайды. Түркістан қаласында 1993 жылы ашылған Шығыстану институтында ұстаздық қызмет етіп, шәкірттерге Құран кәрімнен дәріс оқиды. Бүгінде елімізге белгілі Сәдуақас қари Олжабаев, Бәшриддин қари Абдусаттаров, Исмайлы қари Әбілхайыров және Дайрабай Рысбаев пен Кенжеәлі Мырзабаев, Сайдакбар Усманов секілді танымал имам-теологтар және т.б. азаматтар Қадыр қарының шарапатын көрген шәкірттері еді. Ал, өз кіндігінен тараған туған немересі Зайнуддин Сыздықов елімізге белгілі исламтанушы-теолог әрі қажылық миссиясын ұйымдастырушы дін маманы.

Қадыр қары 1995 жылы 83 жасында «Хилует» мешітіндегі имамдық қызметті шәкірті Кенжеәлі Мырзабаевқа тапсырып, денсаулығына байланысты зейнетке шығады. Қайтыс болғанға дейін сопылық жолды ұстанып, Түркістан қаласында шама-шарқынша діни қызмет жасап, ел руханиятына мүлтіксіз еңбек сіңіреді. Ол 2003 жылы 21 желтоқсанда 91 жасында дүние салады.

Түйін

Түркістанда дәм-тұзы жараспай ажырасқалы жатқан небір кержақ ерлі-зайыптылар, небір қанқұйлы ұры-қарылар, небір көшенің басбұзар бұзықтары Қадыр қарының бір ауыз сөзіне тоқтап, жөнге келетін. Қадыр қарының алдын көрген кісі дінге дереу бет бұратын. Оның өнегесін көрген жан намазға жығылмай тұрмайтын. Әзірет Сұлтанға зияратқа келген қонақтар Қадыр қарының уағыз-насихатын тыңдап, Түркістаннан рухани марқайып елдеріне қайтатын…

Иә, Қадыр қары туралы таңды таңға атырып, талай сыр шертуге болады. Десе де, Қадыр қары жүрген жеріне әманда нұр себезгілететін. Бұл, әлбетте оның ұлылардың сорабынан шықпай, Хақ дінге шынайы берілген тақуалығынан еді.

Мұхан ИСАХАН

kazislam.kz

Аскар ИскаковАскар Искаков
2 жыл бұрын 1728
0 пікір
Блог туралы