Шотландия ғалымдары жұмыс арасында қысқамерзімді демалыстың есте сақтау қабілетін айтарлықтай жақсартатынын дәлелдеді, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.
Шотландиядағы Хериот-Уатт университетінің психологтары жаңа ақпаратпен жұмыстан кейін 10 минут демалу арқылы есте сақтау қабілетін айтарлықтай жақсартуға болатынын дәлелдеді. Зерттеу жұмысы Scientific Reports журналында жарияланды.
«Соңғы зерттеулер нәтижесі ақпаратты «қайталау» арқылы көпке дейін есте сақтауға болатынын көрсетті. Ми белсенді болып тұрған кезде автоматты түрде бір ақпаратты бірнеше рет қайталайды. Бұл, әсіресе, ұйықтап жатқанда немесе ақпаратты оқығаннан кейін демалып отырғанда байқалады», - дейді жаңа жұмыс авторларының бірі Майкл Крейг (Michael Craig).
Ғалымдар адамның жаңа ақпаратты қаншалықты жақсы есте сақтайтынын анықтауға көмектесетін тест ойлап тапты. Бірінші экспериментке 18-31 жас аралығындағы 60 ерікті қатысты. Еріктілерге 60 сурет көрсетіліп, кейін оларды үш топқа бөлді.
Бірінші топ мүшелері 10 минут бойы демалды. Екінші топ мүшелері суреттер арасындағы айырмашылықты анықтау ойынын ойнады. Ал үшінші топ мүшелері бірден келесі кезеңге өтіп кетті. Осы келесі кезең тапсырмасын басқаларға қарағанда бірінші топ мүшелері сәтті орындап шықты.
Ғалымдар жаңа ақпаратты есте сақтауға ұйқы көмектесетінін айтып келген болатын. Ал қазір бұл механизмнің күндіз де жақсы жұмыс істейтіні белгілі болды. Яғни адамға ақпаратты есте сақтау үшін міндетті түрде ұйықтаудың қажеті жоқ.
Психолог мамандар енді демалыстың ақпаратты есте сақтау кезінде ми белсенділігіне қалай әсер ететінін анықтамақ. Бұл зерттеу жұмысын соңына дейін жеткізу үшін еріктілерді электроэнцефалография тәсілімен зерттейтін болады. Мұндай зерттеу түрлері ақпаратты есте сақтау кезінде мидың қандай бөліктерінің жұмыс істейтінін анықтауға көмектеседі. Сондай-ақ, ғалымдар 60 жастан асқан еріктілердің қатысуымен тағы бір зерттеу жұмысын жүргізбек.
Естеріңізге сала кетсек, Канададағы Уотерлу университетінің ғалымдары дауыстап оқу арқылы ақпаратты жақсылап есте сақтауға болатыны туралы айтқан еді.