ДҰҒА ҚАБЫЛ БОЛАТЫН МЕЗГІЛДЕР, МЕКЕНДЕР, ЖАҒДАЙЛАР Алла Тағала – әрдайым сырлар мен сыбдырларды Естуші, жасырын мен әшкерені Көруші, жүректер мен жағдайлардан Хабардар. Дей тұрғанмен, Жаратушымыз кейбір уақыттарды ардақты етті әрі сол уақыттарда жасалатын құлшылықтар, дұғалар Алла үшін басқа уақыттарға қарағанда артығырақ әрі сүйіктірек. Бұл уақыттарда жасалған дұғалардың қабыл болу мүмкіндігі де жоғары. Әрбір мұсылман бұл уақыттарға ерекше көңіл бөлуі қажет. 1. ПАРЫЗ НАМАЗДАН КЕЙІН «Бірде адамдардың бірі: «Уа, Алланың Елшісі! Қай дұға тез қабыл болады?» – деп сұрағанда, Ол (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Түннің соңғы бөлігі мен парыз намаздарының соңы», – деп жауап береді» (Тирмизи). 2. АЗАН МЕН ҚАМАТ АРАСЫНДА Әнәс ибн Мәлик (Алла оған разы болсын): «Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Азан мен қамат арасындағы дұға кері қайтарылмайды. Сол уақытта дұға қылыңдар», – деді», – деген (Әбу Дәуд, Тирмизи). 3. ЖАҢБЫР ЖАУҒАН КЕЗДЕ «Екі дұға кері қайтарылмайды немесе аз қайтарылады: азан уақытындағы (намазға азан шақырылғанда) және жауын астындағы» (Хаким). 4. ТҮННІҢ ҮШІНШІ (СОҢҒЫ) БӨЛІГІНДЕ Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Пенденің Раббысына ең жақын болатын кезі – түннің соңғы бөлігі. Егер сол сағатта Алланы зікір етушілерден бола алсаң, бол» деген (Тирмизи). Әбу Һурайра (Алла оған разы болсын): «Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Раббымыз тәбәракә уә тағала әрбір түннің соңғы үштен бір бөлігінде аспан дүниесіне түседі де: «Маған дұға қылып жатқан кім бар екен, жауап берейін. Менен сұрап жатқан кім бар екен, сұрағанын берейін. Менен күнәсін кешіруді тілеп жатқан кім бар екен, кешірейін», – дейді», – деді», – деген (Бұхари). Келесі хадисте: «Аспанның қақпалары түн жарымында ашылады да, бір шақырушы: «Дұға қылып жатқан жан бар ма екен, дұғасы қабыл болады. Қажетін сұрап жатқан жан бар ма екен, сұрағаны беріледі. Бәлеге ұшыраған жан бар ма екен, бәлесінен құтылады», – деп жар салады. Сол уақытта қандай да бір мұсылман дұға қылса, Алла Тағала оның дұғасын қабыл етеді. Тек жезөкше мен адамдардың малын күшпен тартып алушының ғана дұғалары қабыл болмайды» делінген (Табарани). Алла Тағала таң алдындағы сәресі уақытында жарылқау тілеушілерді:«Олар түннің аз бөлігін ғана ұйықтайтын еді. Ал сәрелік уақытта олар жарылқау тілейтін» деп мақтайды («Зәрият» сүресі, 17,18-аяттар). 5. ТҮННІҢ СОҢҒЫ БӨЛІГІНДЕ АЙТЫЛҒАН ЗІКІРДЕН КЕЙІН Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Кімде-кім түнде оянып: «Алла Тағаладан басқа ешбір Тәңір жоқ. Ол жалғыз, Оның серігі жоқ. Бүкіл билік Оған тән әрі барлық мақтау-мадақ Оған ғана лайық. Оның күш-құдіреті барлық нәрсеге толық жетеді. Барлық мақтау-мадақ Аллаға тән, Алла пәк, Алладан басқа құлшылыққа лайықты Тәңір жоқ, Алла ұлы, Алла Тағаланың күш қуатынан асатын ешқандай күш-қуат жоқ» (Лә иләһа-иллә-лләһу уәхдәһу лә шәрикә ләһу ләһул-мулку, уә ләһул-хамду, уә һууә ъалә кулли шәй-ин қадир. Әл-хамду лиллаһ, субханаллаһ, уа ләә иләәһа илләллаһ, уаллаһу акбар, уа лә хаулә уа лә қууата иллә билләһ», деп Алладан кешірім сұраса, яки, дұға қылса, дұғасы қабыл болады. Егер дәрет алып, намаз оқыса, намазы қабыл болады» (Бұхари). 6. ӘР ТҮННІҢ БІР МЕЗЕТІ Жәбирден (Алла оған разы болсын): «Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Шынында түн ішінде бір сағат бар, қайсыбір мұсылман кісі сол сәтке дөп келіп, Алладан дүние және Ақырет істерінің қайырлысын сұраса, сұрағанын береді. Және сол сағат әр түні бар (яғни қайталанады)», – деді», – деген (Муслим). 7. ЖҰМА КҮНІНЕ ЖАСЫРЫЛҒАН УАҚЫТТА Әбу Һурайра (Алла оған разы болсын): «Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бірде жұма күні туралы уағыз айтып жатып: «Онда бір сағат бар, қайсыбір мұсылман оған дөп келіп, намаз оқып тұрған күйінде Алладан бір нәрсе сұраса, сұрағанын береді», – деп қолымен ол уақыттың аз екендігін көрсетті», – деген (Бұхари, Муслим). Басқа хадисте:«Жұма күні – он екі сағат. Олардың арасындағы бір сағатында қандай да бір мұсылман Алладан бір нәрсе сұраса, сөзсіз береді. Оны екінтіден кейінгі соңғы сағаттардан іздеңдер» деп келеді (Әбу Дәуд, Нәсаи). Әбу Бурда ибн Әбу Мұса әл-Ашғари: «Бірде Абдуллаһ ибн Омар (Алла әкесі екеуіне разы болсын) менен: «Әкеңнен Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жұма күніндегі бір сағат туралы айтқан хадисін естімедің бе?» – деп сұрады. Мен: «Иә, естідім. Ол: «Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Сол сағат имам мінберге отырғаннан бастап намаз аяқталғанға дейінгі уақыттың аралығында», дегенін естідім», – деп айтқан», дедім», – деген (Муслим). Ғұламалар жұма күніндегі сол сағаттың екінті намазынан кейін келетіндігі туралы пікірді қоштап: «Намаз уақыты да - дұға қабыл болатын уақыттың бірі. Демек, екі уақыт та – дұға қабыл болатын шақтар. Алайда хадисте арнайы айтылған екінті намазынан кейінгі соңғы сағат – сол жұма күнгі белгіленген сағат. Оның алдында да емес, кейін де емес. Ал намаз уақытындағы сағатқа келсек, ол намаздың ішіне кіріп кетеді. Оның алдында не ақырында болуы мүмкін. Өйткені мұсылмандардың бір жерге жиналып, намаз оқып, жалбарынып дұға қылуы дұғаның қабыл болуына әбден әсер етеді. Демек, олардың сол жиналған мезгілі де – дұғаның қабыл болуы ықтимал уақыт. Осылайша бұл тақырыптағы хадистер бір-бірлерімен толықтай сәйкес келеді», – деген. 8. ҚАДІР ТҮНІ АллаТағала: «Шындығында Құранды Қадір түнінде түсірдік. (Мұхаммед!) Қадір түнінің не екенін білесің бе? Қадір түні мың айдан да қайырлы. Бұл түні періштелер мен Жәбірейіл Раббыларының рұқсатымен Оның барлық әмірлерін орындау үшін төмен түседі. Ол түн таң атқанша бейбіт болады», – деп айтқан («Қадыр» сүресі). Айша (Алла оған разы болсын): «Бірде Алла Елшісінен (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Уа, Алла Елшісі! Егер мен түннің Қадір түні екендігін білсем, не деуім керек?» – деп сұрағанымда ол: «Уа, Алла! Шындығында Сен Жарылқаушы әрі Жомартсың, жарылқағанды жақсы көресің. Мені де жарылқай гөр!» деп айт», – деді», – деген (Тирмизи, Ахмад). 9. ОРАЗА ҰСТАҒАН ЖАННЫҢ ДҰҒАСЫ «Ораза ұстаушының ауыз ашар алдындағы дұғасы қайтарылмайды» делінген хадисте (Ибн Мәжәһ, Хаким). 10. АРАФА КҮНІ ҚАЖЫЛАР АРАФАТТА ТҰРҒАН КЕЗДЕ «Дұғаның ең қайырлысы – Арафа күні жасалған дұға. Менің және менен бұрынғы пайғамбарлардың айтқандарының ең қайырлысы: «Лә иләһә илләллаһу уахдәһу лә шәрикә ләһу, ләһул-мулку, уә ләһул-хамду, уә һууә ъалә кулли шәй-ин қадир (Алладан басқа ешбір құдай жоқ. Ол жалғыз, Оның серігі жоқ. Мүлік Оған тән және мақтаулар да Оған тән. Ол әр нәрсеге Құдіретті)» (Тирмизи). 11. ЗУЛ-ХИЖЖА АЙЫНЫҢ АЛҒАШҚЫ ОНКҮНДІГІНДЕ Ибн Аббас (Алла оған разы болсын): «Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Ізгі амалдар күндерінің ішінде Аллаға осы күндерден (яғни, зул-хижжаның алғашқы онкүндігінен) артық сүйіктісі жоқ», – деп айтқан. Сонда сахабалар: «Уа, Алла Елшісі! Тіпті, Алла жолындағы күрес те артық бола алмай ма?» – деп сұрағанда, ол : «Алла жолындағы күрес те артық бола алмайды. Тек өзінің жан-тәні және малымен шығып, кейін осының бәрін пида еткен пенде ғана артық бола алады», – деп жауап берген» (Бұхари). 12. МҰСЫЛМАНДАР ЖИНАЛЫП, АЛЛАНЫ ЕСКЕ АЛҒАНДА Әбу Һурайра (Алла оған разы болсын) «Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын.): «Алланың зікір етушілерді іздеп, жолдарды кезіп жүретін періштелері бар. Олар Алланы зікір етіп жатқан адамдарды көргенде бір-бірлеріне: «Қанеки, іздегендеріңді көріңдер», – деседі. Одан кейін олардың зікірлерін қоршап, аспан әлеміне бет алады. Сонда Раббы Тағала Өзінің барлық істен хабардар екендігіне қарамастан олардан: «Құлдарым не деп жатыр екен?» – деп сұрайды. Олар: «Олар Өзіңді пәктеп, тәкбір айтып, мақтап, ұлықтап жатыр екен», – деп жауап береді. Сонда Раббы: «Мен оларды кешіргеніме сендерді куә етемін», – дейді. Сонда періштелердің бірі: «Олардың арасында пәлен деген кісі олардан емес, ол басқа мақсатпен келген», – дейді. Сонда Раббы: «Олардың барлығы бірге отыр, олардың қастарында отырғандар ешқашан бақытсыз болып қалмайды», – деп айтады», – деді» (Бұхари). Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Қандай да бір қауым Алла Тағаланы зікір етіп отырса, оларды періштелер қоршап, Алланың рақымы баурап алады және олардың арасында тыныштық орнайды. Алла олар туралы қасындағы періштелеріне айтады», – деген (Муслим). 12. ЗӘМЗӘМ СУЫН ІЗГІ НИЕТПЕН ІШКЕН КЕЗДЕ Жәбир (Алла оған разы болсын): «Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Зәмзәм суы ішкен ниетіне байланысты», – деген (Ибн Мәжәһ). Яғни, мұсылман Зәм-Зәм суын ішкенде сырқатынан айығуды ниет етсе, Алланың қалауымен шипа болады, шөлін қандыруды ниет етсе, Алланың қалауымен шөлі басылады. Егер дұға жасап, қабыл болуын ниет етсе, Алланың қалауымен дұғасы да қабыл болады. 13. СӘЖДЕГЕ БАС ҚОЙҒАНДА Әбу Һурайрадан (Алла оған разы болсын). Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Пенденің Раббысына ең жақын болатын уақыты – сәждеде жатқан кезі. Ендеше дұғаны (осы кезде) көбейтіңдер», – деген (Муслим). 14. ЖҮНІС ПАЙҒАМБАРДЫҢ (а.с.) ДҰҒАСЫМЕН ТІЛЕСЕ Сағдтан (Алла оған разы болсын). Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Балық иесінің (Жүніс пайғамбардың) киттің ішінде жатып жасаған дұғасы: «Лә иләһә иллә әнтә субханәкә инни кунту миназ-залимин (Уа, Алла! Сенен өзге Құдай жоқ, Сен пәксің! Шынында мен залымдардан болдым)». Қайсыбір мұсылман адам осы дұғамен қажетін тілесе, Алла оның дұғасын қабыл етеді», – деді (Тирмизи, Ахмад). 15. БАСҚА БӘЛЕ-ҚАЗА ТӨНГЕНДЕ Умму Сәләмадан (Алла оған разы болсын). Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Қандай да бір мұсылманның басына бір бәле келгенде Алла әмір еткен «Иннә лилләһи уә иннә иләйһи ражиъун (шынында біз Аллаға тәнбіз және расында Оған қайтушымыз)» деген сөзді айтып: «Уа, Алла! Қасіретім үшін сауап бере гөр! Оны қайырлы нәрсемен ауыстыр», – десе, Алла оны одан қайырлымен ауыстырады», – деді. (Муслим). Сондай-ақ, құлшылық етуші қиындықтар жоқ кезде, аман саулықта да дұға жасауы керек екен. Өйткені, хадисте: «Кімде-кімді қиындық және қайғы басқан кезде Алла Тағаланың оның дұғасын қабыл еткені қуандырса, амандық, игілік кезде де дұға етсін» делінген (Тирмизи, Хаким). 16. КІСІ ҚАЗА БОЛЫП, АДАМДАР ОҒАН ДҰҒА ЕТКЕН УАҚЫТТА Умму Сәләмадан (Алла оған разы болсын). Әбу Сәләма қайтыс болған кезде Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) үйімізге кірді де, оның екі көзін жапты. Сосын ол: «Рух алынғанда көз оның ізіне қарап қалады», – деді. Сонда Әбу Сәләманың үй-іші у-шу болып кетті. Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Өздеріңе тек қайырлылық тілеңдер. Өйткені періштелер сендердің сөздеріңе «әмин» деп тұрады», – деді. Содан кейін: «Уа, Алла! Әбу Сәләманың күнәсін кешір, оны сыйға бөленушілердің дәрежесіне көтер, артында қалғандарды жақсылықпен ауыстыр, бізді және оны кешіре гөр, уа, әлемдердің Раббысы! Оның қабірін кең етіп, ішін нұрландыра гөр», – деп дұға қылды». (Муслим). 16. НАМАЗДЫҢ МЫНА ДҰҒАЛАРЫН АЙТҚАНДА 1). «Аллаһу әкбару кәбиран, уәл-хамду лилләһи кәсиран, уә субханаллаһи букратан уә асыйлә (Алла Ұлы! Оған көптеген мақтаулар тән! Алла ертелі-кеш барлық кемшіліктерден пәк)». Сахабалардың бірі намазын осы дұғамен бастады. Сонда Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Осы дұғаға қатты таңғалдым. Ол үшін аспанның қақпалары ашылды», – деген (Муслим). 2). «Әл-хамду лилләһи хамдән кәсиран таййбән мубаракән фиһ! (Аллаға көптеген игі және берекелі дәріптеулер арқылы мақтаулар болсын!)» Тағы бір кісі намазын осы дұғамен бастады. Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) намазын аяқтап болған соң артына бұрылып: «Жаңағы сөздерді айтушы кім?» – деп сұрады. Жамағат үн қатпады. Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Оны айтушы кім? Шынында ол жаман нәрсе айтқан жоқ», – деп сұрағын қайталады. Сонда бір кісі: «Нәпсім соған итермелеген соң айтып салдым», – деді. Сонда Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Мен сол дұғаны қайсысы көкке көтеріп апаратындығына он екі періштенің асыққанын көрдім», – деп тіл қатқан (Муслим). Тирмизиде келетін хадисте Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) осы дұғаны айтқан адамға: «Мен отыздан астам періштенің сол сөздерді бірінші болып жазып алу үшін асығып жатқандарын көрдім» деп айтқаны келтіріледі. 17. НАМАЗДА ФАТИХА СҮРЕСІН ЫНТАМЕН ОҚЫҒАНДА Әбу Һурайрадан. (Алла оған разы болсын). Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Кімде-кім намазында Уммул-Қуранды («Фатиханы») оқымаса, ол шала (яғни, толық емес)», – деп үш рет айтты». Сонда адамдардың бірі Әбу Һурайраға: «Біз кейде имамның артында тұрамыз ғой», – дегенде, ол: «Ондай кезде ішіңнен оқы, мен Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Алла Тағала: «Намазды («Фатиха» сүресін) Өзім мен пендемнің арамызда бөліп қойдым. Пендеме сұрағаннын беремін», – дейді. Пенде: «Әл-хамду лилләһи раббил-ъаләмин (барлық мақтау әлемдердің Раббысы Аллаға тән)», – дегенде, Алла: «Пендем Мені мадақтады», – дейді. «Әр-Рахмәнир-Рахим (аса Мейірімді, ерекше Рақымдыға)», – дегенде, Алла: «Пендем Маған мақтау айтып, дәріптеді», – дейді. Пенде: «Мәлики йәумид-дин (Есеп (Қиямет) күнінің Иесіне)», – дегенде, Алла: «Пендем Менің даңқымды айтты», – дейді. «Ийәкә нәъбуду уә ийәкә нәстәъин ((Уа, Алла!) Саған ғана құлшылық жасаймыз және Сенен ғана жәрдем тілейміз)», – дегенде, Алла: «Бұл – Мені мен пендемнің арамыздағы нәрсе, пендеме сұрағанын беремін», – дейді. Пенде: «Иһдинәс-сыйратал-мустәқим. Сыйратал-ләзинә әнъәмтә ъаләйһим, ғайрил-мағдуби ъаләйһим уә ләд-даллин (бізді тура жолмен жүргізе гөр! Нығметке бөлегендеріңнің жолымен. Ашуға ұшыраған және адасқандардың (жолымен емес))», – дегенде, Алла: «Бұл – пендемнің сұрағаны, пендеме сұрағанын беремін», – дейді», –деген. (Муслим). 18. РУКУҒТАН КӨТЕРІЛІП, МЫНА ДҰҒАНЫ ОҚЫҒАНДА «Аллаһуммә раббәнә уә ләкәл-хамд! (Уа, Раббымыз Алла! Саған мақтаулар болсын!)». Әбу Һурайрадан (Алла оған разы болсын). Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Имам «Сәмиаллаһу лимән хамидәһ» дегенде сендер: «Аллаһуммә раббәнә уә ләкәл-хамд», – деп айтыңдар. Өйткені кімнің сөзі періштелердің сөзімен сәйкес келсе, оның бұрынғы күнәлары кешіріледі», – деген (Бұхари, Муслим). 19. НАМАЗДАҒЫ СОҢҒЫ ОТЫРЫСТА ПАЙҒАМБАРҒА (ОҒАН АЛЛАНЫҢ ИГІЛІГІ МЕН СӘЛЕМІ БОЛСЫН) САЛАУАТ АЙТҚАННАН КЕЙІН Абдуллаһ ибн Масғудтан (Алла оған разы болсын). «Бірде намаз оқыдым. Жанымда Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын), Әбу Бәкір және Омар отырды. Мен Аллаға мадақ, Пайғамбарға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) салауат айтып, сосын өзіме дұға қылдым. Сонда Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Енді сұра, беріледі, сұра, беріледі», – деді. (Тирмизи). Әли ибн әбу Талиб (оған Алла разы болсын): «Мұхаммедке және Мұхаммед әулетіне салауат айтылмайынша дұға қабыл болмайды» деген (Табарани). «Бір күні Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір кісінің Алла Тағаланы ұлықтамай, Пайғамбарға салауат айтпай дұға қылғанын естіп: «Мынау асығыстық қылды» дейді де оны шақырып алып: «Егер сендерден біреулерің намаз оқысаңдар, Аллаға мақтау айтып бастаңдар, содан кейін Пайғамбарға салауат айтыңдар, содан кейін қалаған тілектеріңді тілей беріңдер» деген (Муслим). 20. НАМАЗДА СӘЛЕМ БЕРМЕСТЕН БҰРЫН МЫНА ДҰҒАНЫ ОҚЫҒАНДА: «Аллаһуммә инни әс-әлукә би-әннә ләкәл-хамд. Лә иләһә иллә әнтәл-Мәннан, Бәдиъус-сәмәуати уәл-ард, йә зәл-Жәләли уәл-Икрам, йә Хаййю, йә Қаййюм! (Уа, Алла! Барлық мадақтың Сенікі екендігі арқылы сұраймын! Сенен өзге құдай жоқ! Уа, сый Беруші! Уа, көктер мен жерді ғажайып Жаратушы! Уа, ұлылық пен шексіз жомарттықтың Иесі! Уа, Мәңгі Тірі! Мәңгі Тұрушы!)». Намазының отырысында осы дұғаны оқып жатқан адамды көрген Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Мынау, Аллаға дұға қылса, қабыл етілетін, (қажетін) сұраса, берілетін ең ұлы есімі арқылы дұға қылды», – деген (Әбу Дәуд, Нәсаи). Яғни, мұсылмандар Алланың көркем есімдерімен дұға жасауға бұйырылған. Құранда: «Ең көркем есімдер Аллаға тән. Ендеше, сол есімдермен Одан тілеңдер» делінген («Ағраф» сүресі, 180-аят). 21. ӘТЕШ ШАҚЫРҒАНДА «Егер әтештің шақырғанын естісеңдер, Алладан Оның кеңшілігін сұраңдар. Өйткені ол (әтеш) періштені көреді. Ал егер есектің ақырғанын естісеңдер, Алланың атымен шайтаннан сақтаныңдар. Өйткені ол шайтанды көреді», – деп айтқан (Бұхари). 22. МҰСЫЛМАН БАУЫРЫҢ ҮШІН ДҰҒА ЖАСАҒАНДА Муслимнің сахих хадистер жинағында мынадай хадис бар: «Мұсылманның мұсылманға жасаған дұғасы қабыл болады. Мұсылман бауыры үшін тілек айтқанда, періштелер: «Әумин, Алла саған да бауырың үшін сұрағаныңды берсін» дейді екен. Ал Бұхари: «Ең жылдам қабыл болатын дұға – мұсылманның бауыры үшін жасаған жасырын дұғасы» деген хадисті келтіреді. Бұл – оның көзінше жасалған дұғадан жетпіс есе артық. Сонымен қатар, Тирмизи «Екі дұғаның Алламен арада бөгеті болмайды. Біріншісі – жәбір көрген адамның жасаған дұғасы. Екіншісі – мұсылманның бауыры үшін жасаған жасырын дұғасы» деген хадисті келтіреді. 23. ҚАЙТАРЫЛМАЙТЫН ҮШ ДҰҒА Әбу Һурайра (оған Алла разы болсын) Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Үш дұғаның қабыл болатындығына күмән жоқ: жәбір көрушінің дұғасы, сапарға шыққаның дұғасы, ата-ананың баласы үшін жасаған дұғасы» дегенін жеткізеді (Әбу Дәуд, Тирмизи). 24. АДАМ ӨЗІ ЖАСАҒАН ЫҚЫЛАСТЫ АМАЛДАРЫН ТИЕК ЕТІП ДҰҒА ЖАСАСА ҚАБЫЛ БОЛАДЫ Мұны түсіну үшін Қүраннан мына бір аяттарды келтірейік: «Сондай: «Раббымыз! Иман келтірдік, күнәмізді жарылқа да от азабынан сақта» дегендер...» («Әли Имран» сүресі, 16-аят) немесе «Раббымыз! Түсіргеніңе иман келтіріп, пайғамбарға ердік, енді бізді куә болушылармен бірге жаз» (деді)» («Әли Имран» сүресі, 53-аят). Яғни, пенденің: «Ей, Алла! Мені Саған иман келтіргенім үшін кешір, Саған деген махаббатым үшін кешір, Сенің елшіңнің жүрген жолын ұстанғандығым үшін кешір!» немесе «Ей, Алла, Сенің елшің Мұхаммедке деген махаббатым үшін және оған иман келтіргенім үшін құтқаруыңды сұраймын!»деп айтуы. Дұға етуші адам, сонымен қатар, Раббысына жақындау үшін өзі жасаған салихалы амалдарының бірін еске алу арқылы жақындық іздеуіне болады. Бұған үңгірге қамалып қалған үш адам хикаясы мысал бола алады: Ибн Омардан (оған Алла разы болсын) жеткен хадисте Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай дейді: «Сендердің алдарыңда өмір сүргендерден үш адам жолға шығады да, бір үңгірге түнемек болып, ішіне кіргенде, таудан дәу тас құлап, үңгірдің (аузын) жауып қалады. Сонда олар: «Расында, бұл тастан сендерді қайырлы істеріңді айтып Аллаға дұға қылуларың ғана құтқара алады» дейді. Сөйтіп олардың арасындағы бір кісі: «Уа, Алла! Менің жастары келген қарт ата-анам бар еді. Олардан бұрын отбасыма да, құлдарыма да кешкі сүтті ішкізбейтінмін. Бір күні бір нәрсе іздеп алысқа кеттім де, кешке олар ұйықтағанға дейін келмедім. Кешке (ішетін) сүттерін сауып (әкелсем), екеуі ұйықтап қалған екен. Сүтті олардан бұрын отбасыма да, құлдарыма бергім келмей, ыдысты қолыма ұстаған күйі таң атқанша олардың оянғанын күтіп отырдым. Сосын екеуі оянып, сүттерін ішті. Уа, Алла! Егер соны Өзіңнің дидарыңды іздеп істеген болсам, бізді басымызға түскен мына тастан құтқара гөр» деді. Сол кезде (тас олар үңгірден) шыға алмайтындай боп сәл ашылады. (Сосын) басқа бірі: «Уа, Алла! Менің бір көкемнің қызы болатын, ол мен үшін адамдардың ең сүйіктісі еді. Оны айналдырған едім, қарсылық жасады. Сөйтіп бір құрғақшылық жылы келгенде, ол менен (жәрдем сұрап) келді де, оған дегеніме көнуі үшін жүз жиырма динар бердім. Ал ол келісті. Сөйтіп қолым жеткенде, ол: «Құқығынсыз (бұл) мөрді бұзуыңды дұрыс деп санамаймын» деді. Сонда мен үшін адамдардың ең сүйіктісі боп тұрса да, оған жақындасудан қысылып, кетіп қалдым және берген алтынымды да алмадым. Уа, Алла! Егер соны Өзіңнің дидарыңды іздеп істеген болсам, бізді басымызға түскеннен құтқара гөр» дейді. Сол кезде (тас) олар шыға алмайтындай боп (тағы да біраз) ашылады. (Сосын) үшіншісі: «Уа, Алла! Мен бірнеше мердігер жалдап, ақыларын берген едім. Тек бір кісі ғана өзіне тиесіліні (менде) қалдырып кетті. Ал мен оның ақысын айналымға салып, одан көп мал-дүние пайда болды. Біраз уақыттан соң ол келіп: «Ей, Алланың құлы! Маған ақымды бер» деді. Мен оған: «Сен көріп тұрған (мына) түйе, сиыр, қой мен құлдың бәрі сенің ақыңнан» дедім. Ал ол: «Ей, Алланың құлы! Мені келеке етіп тұрсың ба?» деді. «Сені келеке етіп тұрған жоқпын» дедім. Сонда ол одан еш нәрсе қалдырмай, бәрін алып айдап кетті. Уа, Алла! Егер соны Өзіңнің дидарыңды іздеп істеген болсам, бізді басымызға түскеннен құтқара гөр» дейді. Сол кезде (тас) ашылып, олар шығып кетеді» (Бұхари, Муслим). 25. ДҰҒАСЫ ҚАБЫЛ БОЛАДЫ-АУ ДЕГЕН ІЗГІ АДАМНАН ДҰҒА ЖАСАУЫН СҰРАУ Мұндай жағдайда тақуа, Алланың заңдарын бұйрықтарын ұқыптылықпен орындайтын ізгі адамға барып, одан өзі үшін Аллаға қайғысынан құтқарып, ауыртпалығын жеңілдетуін сұрап, дұға жасауын сұрайды. Дұға жасауды сұрайтын адамымыз міндетті түрде тірі болуы керек екен. Бұхари мен Муслимнің жинағында Әнәс ибн Мәлик (Алла оған разы болсын) жеткізген мына бір хадис келтіріледі: «Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) кезінде адамдар құрғақшылық жылына тап болды. (Бір күні) Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жұма күні құтпа жасап тұрғанда, бір бәдәуи орнынан тұрып: «Уа, Алла Елшісі! Малдар қырылып, бала-шағамыз ашықты, Алладан бізге жаңбыр жаудырсын деп дұға етші,-деді. Сонда ол екі қолын көкке көтеріп, дұға жасады. Аспанда шөкімдей де бұлт жоқ-ты. Жаным қолында болған Алламен ант етейін, ол қолдарын түсіргенше таудай бұлттар жөңкіліп келді де, Пайғамбар мінберден түсіп үлгермей жатып жаңбыр (тамшылары) оның сақалынан аға бастағанын көрдім. Жаңбыр сол күні, ертеңіне, арғы күні, оның арғы күні келесі жұмаға дейін жауды. (Келесі жұмада) сол бәдәуи (немесе басқа біреу) орнынан көтеріліп: «Уа, Алла Елшісі! Үйлер құлап, мал-мүлік суда қалды. Алладан жаңбырды тоқтатсын деп дұға жасашы!»—деді. Сонда екі қолын көкке көтеріп: «Аллаһуммә, хауаләйнә, уә лә аләйнә! (Уа, Алла! Бізге емес, төңірегімізге!)» деген Пайғамбар бұлттардың қай тарапына қолын меңземесін, олар тарап, Мәдина бұлттардың ортасындағы алаңқай тәрізді (ап-ашық) болды. Ал Қанат ойпатында бір ай сел жүрді, (Мәдинаға) қай тараптан келген кісі болса да, нөсер жаңбырды әңгіме қылатын», - деген. www.asylarna.kz
Ақпарат көзі: http://asylarna.kz/maqala/maqalainfo/188
© «Асыл арна» рухани-ағартушылық телеарнасы