Бізде бір жақсы жоба ұсынылса ол жобаның қоғам мен xалыққа пайдасынан бұрын кімнің, қандай топтың ұсынғаны бірінші назарда тұрады. Зиялы қауым өзара көзқарас айырмашылығы, саяси ұстанымы мен тіпті діни-наным сеніміне қарай топтар мен кландарға бөлініп алған. Егер бір топқа жататын зиялы қауым өкілі тамаша жоба ұсынса екінші топ жобаның мемлекетке пайдасын сараптап жатпай-ақ өзіне қарсы топтың ұсынғаны үшін қолдамайды. Елге пайдалы екенін іші сезіп тұрса да оны қолдамаудың 888 мысалын ойлап табады. Ең сорақысы мұны оқыған, алашты ұрандап жүрген, елге сөзі өтетін азаматтар жасайды. Халық көрмейтін, бірақ ар жағында өзімен өзі бір-бірімен таласып, тартысып жүрген елдің бетке ұстарлары бар. Топ, клан, кім кіммен араласады, көзқарасы қалай осы мәселелер сенің ақылың мен идеяңның алдында бірінші жүреді әрі шешуші роль ойнайды.
Мен қазақтардың белгілі бір мәселелерде көзқарас айырмашылығы үшін көрген жерде бір-бірімен амандаспай, жек көріп, сыртынан келемеждеп отыратын мінезі барын да анық көріп жүрмін.
Күнделікті өмірде, қоғамда айтатын сөзің, көзқарасың мен идеяң біреуге ұнамай қалса табан астында ата жауы болып кетеді екенсің. 18 миллион xалықтың бәрі сол секілді ойлауы керек есептейді мекен? Баланың тірлігі қарап тұрсаң. Бірақ, саяси мәдениетіміз осы деңгейде.
Өркениетті елдерде әртүрлі партияның атынан қырылысып жатса да елге пайдалы деген ұсыныстарда бірігіп кете алады. Идеяны кімнің ұсынғанынан көрі қаншалықты пайдалы екені алда жүреді. Стив Джобсқа айфонның бағдарламасын жасайтын адамның саяси көзқарасы, республикашыл не демократ екені, атеист не діншіл екені бәрібір болған ғой. Бастысы ол ұсынған жоба мен идеяның салмағында. Бізде көп нәрсе керісінше жұмыс істейді. Бөліп ал да билей бер деген ұстаныммен сырттан жау келсе оңай беріле салатын қоғам секілдіміз.
Қазір Қазақстан қоғамы мен жастары түрлі ағымдармен, көзқарастар айырмашылығымен бөлініп кеткен. Ең сорақысы бір-бірімен араласпауға, көрсе амандаспауға, реті келсе кекетіп-мұқатып кетуге тырысады. Елдің бәрін біріктіретін ортақ құндылық пен идеология өте әлсіз.