Бәйге мен көкпар аттарына дем салу дұрыс па?
Бәйге мен көкпар аттарына дем салу дұрыс па?

Ассаламу алейкум! Оңтүстік өңірде бәйгеге қосатын және көкпар шабатын атқа дем салдыру үрдісі бар. Мұндағысы аттың тұяғы сүрінбесін, жұрттың назары тимесін деген ниетпен дем салдырады. Осы қаншалықты дұрыс?

Жауап

Уа алейкум ассалам!

Тіл-көз немесе көреалмаушылықтан сақтау ниетімен ат және басқа жануарға дем салдырудың ешбір әбестігі жоқ. Құран Кәрімдегі «...Әрі ақиқатында, ол тастардың кейбірі Алладан қорыққаннан құлайды...[1]» деген аят, Пайғамбар (с.ғ.с.) сүйенген құрма ағашының күңіреніп дауыс шығаруы – мұның барлығы да дұға әсерінің айғағы.

Бұған бірқатар негіз бар. Мысалға, хадисте: «Егер сендердің бірің бауырынан, өзінен немесе мал-дүниесінен таң қалдыратын бір тұсын көрсе, береке тілесін. Өйткені, көз тию – ақиқат[2]», – делінген. Міне, дем салуға қатысты адам мен басқа нәрсені бөліп жарып айтылмаған.

Сахаба Ханзалаға (р.а.) бетінде ісігі бар немесе желімінде ісігі бар малды алып келетін. Ол кісі екі қолына түкіріп: «Бисмиллаһ» деп басына қолын қойып, «Алла елшісінің (с.ғ.с.) алақаны орны» деп сипаса, ісік кететін дейді.[3] Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) Ханзалаға айтқаны қате кетпейтін аузы дуалы жан болсын деп бата бергені белгілі.

Қорыта айтқанда, адамға белгілі аят-дұғалармен дем салуға болатыны сияқты, төрт түлікке және дүние-мүлікке де дем салуға рұқсат екенін айтылуда.

Руслан Камбаров


[1] Бақара сүресі, 74-аят
[2] Ахмед
[3] Ахмед

Аскар ИскаковАскар Искаков
4 жыл бұрын 3904
0 пікір
Блог туралы