Ақыл – адам бойындағы ең асыл қасиет. Оны ештеңемен алмастыруға да, салыстыруға да болмайды. Айталық сізді қараптан қарап тұрып ит қауып алды делік. Егер әлгі иттің ақылы болса қабар ма еді? Тіпті жылқының иесін теуіп, сиырдың сүзіп жіберуін де осы тектес мысал ретінде айтуға болады. Бұл жан-жануарлар мен хайуанаттарда сананың дамымағанын дәлелдейді. Олардың жанында адамның жаратылысы мен болмысы керемет. Екі аяқты пендеге Алла Тағала сана мен ой берген. Мұны Абайша айтсақ «Ақыл – жан қуаты». Ақын тағы бір сөзінде «Пайда менен залалды – ақыл айырады» дейді.
Ақылмен ойлап білген сөз,
Бойға жұқпас, сырғанар.
Ынталы жүрек сезген сөз,
Бар тамырда қуалар, – дейді енді бірде Абай атамыз.
Ақынның ақыл төңірегінде термелеген нақылдары мұнымен бітпейді. Олардың әрқайсысын оқыған сайын терең тұңғиыққа бойлай бересің, көп нәрсені ойлай бересің. «Ақыл, сезім болмаса, тіршіліктің несі сән» дегенін де ой елегінен өткізіп отырсаңыз, тіршіліктің тамаша көріністері мен қарым-қатынастың шынайы болмысы да «көбінің сырты – бүтін, іші – түтін» дегенді ерекшелеп беретін көрсеткіш.
Қазір көп айтылатын әңгіменің бірі де бірегейі ақшаға келіп тіреледі. Өкінішке қарай, қазір кім дәулетті соның ақылы көп секілді көрінеді. Алайда қалталы кісінің де ақымақ әрекеттері болатынын жоққа шығара алмайсыз. Ақылды кейде айлакерлік жасауға, зымиян ойды іске асыру үшін де пайдаланатындар бар. Бір қарағанда олар осы ісін ешкім байқамайтындай көреді. Адамның артықшылығы сезімталдығында дер болсақ, әрбір әрекетті бағамдай білетін пенде атаулы ақылдың арғы жағында арам ниет болса да біліп қояды.
Адам – аса күрделі жаратылыс. Ол туралы ғылыми тұрғыда да, адами тұрғыда да түрлі пікір білдіруге болады. Дау-жанжал, ұрыс-керіс, бақталастық, тіпті сұрапыл соғыс та адамдардың ақылының дұрыс пайдаланбағандығынан туындайды.Ақылдың өзі парасатпен, мінез-құлықпен тығыз байланысты. Осының барлығы бізді басқа тіршілік иелерінен ерекшелейді. Ерекшелік – адамға тән құбылыс.Сол ерекшеліктің әсерінен де адам дамиды. Мәселен, ақпараттық технологияға жан бітсе, ол адамнан озып кетер еді. Бірақ ғылымды дамытқан адам. Соған қарамастан жаңалықтарға ілесе алмай қалуымыз өкінішті.
Ж.Баласағұн бабамыз «Адам бойындағы ең тамаша нәрсе – білім мен ақыл» дейді. Осы екеуі үйлесім тапқан жерде үлкен іс тындырылады. Өмірдің өз бояуын шатастырып алмауға да дәнекер болатын – білім мен ақыл. Ғалымдар адамның жалқау, қатал, аса мейірімді болуы қан тобына байланысты екендігін айтады. Бір ғана мысал: 1907 жылы чех ғалымы Я.Янский қан тобының 4-ке бөлінетінін айтқан. Әлемде ең көп кездесетін қан – 1-топ (жер шары тұрғындарының 45 пайызы) 2-қан тобы адамдардың 35 пайызына тән. 13 пайызының қаны 3-топқа жатады. 4-қан тобы өте сирек кездеседі, (7 пайыз). Осы топтағылардың қандай қабілетке ие екендігін де болжап бергендер бар. Бірақ адам ең алдымен өзіне сенуі керек. «Ақыл – саған ізгі дос, әділ жолдас», «Ақыл бар жерде шындық бар, өтірік жоқ», – деген Жүсіп Баласағұн бабамыз ғұламалықтың ғұмыры ұзақтығын құлаққағыс жасаған.
Дүниені өзгертіп жатқандар – ақылды адамдар. Соңғы уақытта данышпандарды интеллектілік коэффициенттеріне байланысты анықтайтын амалдар пайда болды. Мұның қаншалықты дұрыстығын немесе бұрыстығын ешкім дөп басып айта алмас. Мысалы, бүгінгі өмірдің ерекшеліктерін Мөңке би секілді дөп басып айтып берген кім бар? Бабамыздың бұл айтқандарын ешкім жоққа шығара алмаса да интеллектілік коэффициенттерін ешкім дәл айтып бере алмасы анық.
Соңғы бір деректерге назар аударсақ, әлемнің он ғұламасы төңірегінде мынадай пікір білдіріліпті. Адамдардың 50 пайызына жуығының IQ деңгейі төмен. Демек, жер шары тұрғындары ақыл-ой деңгейі жағынан іріктелген. Жаңалық ашып, адамзаттың дамуы жолында тер төгіп жүргендер аз ғана бөлікті құрайды. Олар – ғалымдар. SuperScholar.org веб-басылымы ең ақылды 10 адам туралы былайша ой өрбітеді.
1. Стивен Хокинг.
IQ 160
Ол физика теориясын зерттеп, тіпті ғаламшар заңдылықтарын ашуға да септігін тигізген. Сонымен қатар ол 7 бестселлер мен 14 награданың иесі.
2. Ким Унг-Йонг.
IQ 210
Ким Унг-Йонг – кореядан шыққан вундеркинд. «Гиннестің рекордтар кітабына» енген. Екі жасында екі тілді еркін меңгеріп, төрт жасында математикадан қиын есептерді шешкен. Сегіз жасында АҚШ-қа НАСА да жұмыс істеуге шақырылған.
3. Пол Аллен.
IQ 170
Майкрософт компаниясының қосалқы құрылтайшысы. Ақылын ақшаға айналдырып, 14,2 миллиард доллар байлыққа ие болған. Жер шарындағы байлардың тізімінде 48 орында тұр.
4. Рик Роснер.
IQ 192
Ол телевидениеде продюсерлікпен айналысады. Былай қарап отырсаңыз, түкке тұрмайтын кәсіп. Алайда ақыл-ойының арқасында танымал болған.
5. Гарри Каспаров.
IQ 190
Шахматтан әлем чемпионы атағын 22 жасында алған. Осы атағын ұзақ жыл сақтаған бірегей адам. 2005 жылы Каспаров спорттық мансабын аяқтап, саясат пен жазушылыққа бет бұрды.
6. Сэр Эндрю Уайлс.
IQ 170
Британдық математик Эндрю Уайлс 1995 жылы Ферманың ұлы теориясын ашып, әлемдегі ең қиын есепті шешті. Математика мен ғылымда әлемдік маңызға ие 15 награданың иесі атанған.
7. Юдит Полгар.
IQ 170
Венгерлік шахматшы 15 жасында жер шарындағы ең жас гроссмейстер атанып, рекорд орнатқандардың бірі.
8. Кристофер Хирата.
IQ 225
Америкалық Кристофер Хирата 14 жасында Калифорния технология университетіне түсіп, 16 жасында НАСА-да Марсты игеру жұмыстарына атсалысқан. 22 жасында астрофизика саласы бойынша ғылым докторы атанған.
9. Теренс Тао.
IQ 230
Өте дарынды бала екі жасында математика негіздерін игере бастаған. Тоғыз жасында университет деңгейінде математика курсына барған. 20 жасында Принстон университетінде доктор дәрежесін алған. 24 жасында профессор деңгейінде Лос-Анджелестегі Калифорния университетінде дәріс беріп, 250 ғылыми жұмыстарын жария еткен.
10. Джеймс Вудс.
IQ 180
Америкалық актер Джеймс Вудс Калифорния университетінің студенті кезінде алгебраны жетік меңгерген. Массачусетс технология институтында оқып жүргенде актер болу үшін оқудан бас тартқан. Есесіне, Эмми екі рет «Оскар» сыйлығын алды.
Осының барлығын не үшін айтып отырмыз? Сұрақтан сұрақ туындайды. Интеллектуальдық коэффициентке көңіл бөлетін, дарынды адамдар базасын жасайтын уақыт бізге де келді. Өйткені өзгелер ғылым саласынан оқ бойы озып бара жатқанда біздің артта қалуымызға болмайды. Бір ғана мысал: Қытайда халық көп. Олардың арасынан ақылды адамдардың көп шығатыны – өмірдің өз заңдылығы. Жер шарындағы 300 миллиондай орыс халқының өзі небір данышпандарымен мақтана отырып, олардың қатарын қалай да көбейтуді ойластырып жатыр. Ресей тарихын жасаған ғұламалардың мемлекетті әлемге таныту жолында қыруар іс бітіргені анық. Осы үрдісті қалай да ілгерлету, дамыту үшін білім мен ғылымды мықтап қолға алып, данышпандарға даңғыл жол ашуда, күшті насихаттар жүргізілуде. «Ресейдің ұлы ойшылдары» атты кітаптың жарық көруінің арғы жағында осындай бір ой, идея, алға ұмтылу бар. Бірінші кітап Михаил Васильевич Ломоносовқа арналған. Бәрінен қызығы – осы іске М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті журналистика факультетінің оқытушылары мен студенттері атсалысқан.
Қысқасы, өзге жұрт тарихты түзеткен ғұламалары мен бүгінде далада жүрген дарындыларын да жинап жатыр. Дарындылық дегеніміз – адамның кез келген іс-әрекет түріне ерекше қабілетті болуы. Міне, сол қарым-қабілеті мықты, ақыл-ойы артық туған азаматтарды елдің игілігі, келешегін жасау үшін мақсатты жұмыстар жүргізілуде.
Жақында NUR.KZ порталынан Қазақстанды әлемге танытқан он жұлдыз туралы оқыдым. Олардың қатарында адамзат тарихында алғаш рет Сахараны жаяу, жалғыз бағындырған, «Гиннестің рекордтар кітабына» жеті рет енген Марат Жыланбаев, кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин, ең сұлу волейболшы атанған Сәбина Алтынбекова, әнші Димаш Құдайберген, мәнерлеп сырғанаудың шебері Денис Тен, скрипкашы Марат Бисенғалиев, үздік боксшы Қанат Ислам, дирижер Алан Бөрібаев, жас әнші Мария Мудряк бар. Бұлардың барлығы өнер мен спорт арқылы танылғандар. Алайда бізге өте керегі – ғылым. Осы салада жаңашыл, тәжірибелі, танымал ғалымдар көбейіп, әлемге танылған сайын Қазақстанның қуаты да артады, елге көзқарас өзгереді, ұлт байлығы еселенеді, дамыған 30 елдің қатарына ентікпей енеміз. Осы бағытта дарынды адамдардың жұмысын үйлестіріп, жаңалығын жария етіп, ұлтымыздың ұлы бастамаларын қолдайтын орталық керек. Әлемді өзгерткен адамдардың тізімінен қазақтардың көрінуі – болашаққа батыл қадам басқанымызды айғақтай-ды.
Жолдасбек ДУАНАБАЙ
"Айқын" газеті